Артық кедергілерсіз тікелей байланыстар: Қазақстан мен Фошань арасындағы жаңа диалог бизнеске не береді

Алматыда екі елдің бизнес өкілдерін, мемлекеттік мекемелердің және салалық бірлестіктерін біріктірген «Қытай (Фошань) – Қазақстан Республикасы (Алматы қаласы, Алматы облысы)» сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі халықаралық форумы өтті.

Қазақстанның Қытай мен Орталық Азия арасындағы транзиттік дәліз ретіндегі рөлі күшейіп келе жатқан тұста, кездесуге қатысқан мемлекеттік мекемелердің, бизнес пен өнеркәсіп секторының өкілдері жалпы мәлімдемелерге емес, бизнеске қажет нақты әрі қолданбалы шешімдерге назар аударды.

Форум сауданы кеңейтуге, өндірісті жергіліктендіруге және бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі ондаған компания мен салалық қауымдастықтың басын қосты. Іс-шараның спикерлері мен арнайы қонақтары қатарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Әлік Шпекбаев, Фошань қаласы партия комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі, қала әкімінің орынбасары Сюй Вэй, Фошань қаласы Гаомин ауданы басшысының орынбасары Чжу Лицзянь, Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығының негізін қалаушы Нұргүл Оразалиева, Altyn Bank Басқарма төрағасының орынбасары Юй Юшэн және басқа да қатысушылар болды.

Талқылаудың негізгі өзегіне логистикалық шығындарды қысқарту, нарықтарға шығу жолдарын жеңілдету және өңірлік сұраныс өсіп отырған жағдайда тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелері алынды.

«World Silk Way» ЖШС директоры, жоба жетекшісі Әсембай Азаттың айтуынша, бүгінгі таңда бизнес тарапынан қойылып отырған басты сұраныс – декларациялар емес, нақты өзара іс-қимыл тетіктері мен серіктестер арасындағы тікелей байланыстар.

«Бүгінгі форум – сөзсіз маңызды қадам. Дәл осындай алаңдарда байланыстар қалыптасады, өзара қызығушылық пайда болады және тараптар арасында қай бағыттарда нақты түйісу нүктелері бар екені айқындалады. Алайда кез келген алғашқы байланыс жалғасын қажет етеді: келіссөздер, шарттарды талқылау және нақты уағдаластықтарға шығу керек. Сондықтан біз бүгінгі форумды ұзақ әрі жүйелі жұмыстың бастауы ретінде қарастырамыз.

Орталық Азия бүгінде – сұранысы өсіп, инфрақұрылымы дамып, сауда байланыстары нығайып келе жатқан ортақ мүмкіндіктер кеңістігі. Бұл – 80 миллионнан астам тұтынушысы бар нарық. Өндірушілер үшін бұл бір ғана елмен емес, тұтас өңірмен жұмыс істеу мүмкіндігін білдіреді. Оның үстіне бұл нарық белсенді даму кезеңінде және онда өсу әлеуеті жоғары деңгейде сақталып отыр.

Осы нарыққа шығуда Қазақстан шешуші рөл атқарады. Бүгінде Қазақстан – Қытай, Еуропа, Ресей және Орталық Азия елдері арасындағы негізгі көлік-логистикалық дәліз. Қазақстанмен ынтымақтаса отырып, өндірушілер бүкіл өңірге жол ашады. Бұл тұрғыда Алматының орны ерекше. Алматы – өңірдегі ең ірі қала, қаржы және сауда орталығы. Мұнда негізгі дистрибуция арналары, сауда желілері, нарықтар және сатып алу сұранысының едәуір бөлігі шоғырланған. Жеткізушілер жұмыс істейтін негізгі нарық дәл осы жерде қалыптасады.

Сонымен қатар жаңа өсу орталығы – Алатау қаласы қалыптасып келеді. Бұл алдағы жылдары дамитын және құрылыс, жабдықтау мен инфрақұрылым салаларында қосымша сұраныс қалыптастыратын ауқымды жоба. Алматы қаласы мен Алматы облысы – тек алғашқы байланыс орнататын алаң ғана емес, кейінгі практикалық ынтымақтастықтың нақты базасы. Сондықтан біз бұл бағытты нарыққа шығу мен халықаралық бизнесті дамытудың жүйелі мүмкіндігі ретінде қарастыруды ұсынамыз», – деді Азат Әсембай.

Форум бағдарламасы тараптардың инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстыруға негізделді. Қытайдың Фошань қаласы ірі экспорттық және өндірістік орталықтардың бірі ретінде таныстырылса, Алматы қаласы мен Алматы облысы Орталық Азияда бизнесті жергіліктендіру және кеңейту үшін маңызды алаң ретінде көрсетілді.

Алматы агломерациясының стратегиялық рөліне тоқталған Алматы облысының өңірлік даму орталығының өкілі Бауыржан Ермекбаев облыстың еуразиялық сауда мен инвестицияның негізгі тораптарының бірі ретіндегі әлеуетін атап өтті.

«Алматы облысы бүгінде Еуразияның негізгі экономикалық және көлік ағындары түйісетін нүкте болып отыр. Географиялық орналасуымыздың арқасында Қытай мен Еуропа арасындағы жүк жеткізу уақыты үш еседен астам қысқарады, ал қазіргі таңда мұндай тасымалдардың 92 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Бірақ біз үшін транзиттік орналасу ғана маңызды емес. Өңір жалпы өңірлік өнімі 6 триллион теңгеден асатын, тұрақты өсім көрсетіп отырған толыққанды индустриялық және аграрлық экономика қалыптастырып келеді.

Біз инвесторларға жай ғана идея емес, дайын инфрақұрылым ұсынамыз: «Alatau» арнайы экономикалық аймағы, индустриялық аймақтар, логистикалық кластерлер және 350 миллионнан астам тұтынушысы бар нарыққа қолжетімділік. Біздің міндетіміз – инвестиция тартумен шектелмей, ұзақ мерзімді серіктестіктер құру және жаңа өндірістер мен экспорттық өнімдерді бірлесіп қалыптастыру», – деді Бауыржан Ермекбаев.

«Фошань: өнеркәсіптік әлеует, экспорттық мүмкіндіктер, Чаньчэн және Гаомин аудандарының таныстырылымы» атты презентацияны Чаньчэн ауданы басшысының орынбасары Шу Ган, сондай-ақ Гаомин ауданы басшысының орынбасары, Тұрақты комитет мүшесі Чжу Лицзянь өткізді. Спикерлер өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін және аудандардың жоғары кешенді әлеуетін атап өтті. Мәселен, 2025 жылы Чаньчэннің жалпы бөлшек тауар айналымы шамамен 12 миллиард АҚШ долларын құрады. Орта есеппен әр апта сайын бұл жерде белгілі бір брендтің филиалы немесе өңірлік штаб-пәтері ашылған. Ал Гаоминде 230-дан астам кәсіпорын орналасқан, олардың 125-і электр жабдықтары саласында жұмыс істейді.

Қатысушылар өңірде тұрақты өсім көрсетіп отырған құрылыс саласына да ерекше назар аударды. Талқылау барысында құрылыс материалдары мен жабдықтарын бірлесіп өндіру, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту мәселелері көтерілді.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда өндірісті жергіліктендіруге деген қызығушылық артып келеді. «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тимур Нұртаев бұл бағыттың маңызын атап өтті.

«Қазақстанның құрылыс секторы қарқынды өсіп келеді: 2025 жылы оның көлемі 10,7 триллион теңгеден, яғни 23 миллиард АҚШ долларынан асты, ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі Алматы мен Астана халқының қарқынды өсуі аясында 20,1 миллион шаршы метрге жетті. Алайда нарық әлі де импортқа тәуелді: құрылыс материалдарының 65 пайызына дейінгі бөлігі және техниканың басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Бұл өндірістерді жергіліктендіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ірі инфрақұрылымдық және туристік жобалар да қосымша серпін береді», – деді Тимур Нұртаев.

Негізгі бағдарламамен қатар форум аясында B2B келіссөздер өтті. Сарапшылардың пікірінше, тікелей байланыстарды дамыту өзара саудадағы кедергілерді төмендетудің және экономикалық ықпалдастықты жеделдетудің маңызды факторына айналуы мүмкін.

Форум ҚХР мен ҚР ресми және институционалдық өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелмен, сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюмен қорытындыланды. Құжаттарға Республикалық заңды тұлғалар бірлестігі «Қазақстан құрылысшылар одағы» мен Фошань қаласының Өнеркәсіп және сауда федерациясы, сондай-ақ форумды ұйымдастырушы World Silk Way компаниясы мен қытайлық Guangdong Hao Xiaohan Exhibition Co., Ltd. арасында қол қойылған құжат та бар.

Еске саламыз, «Қытай (Фошань) – Қазақстан Республикасы (Алматы қаласы, Алматы облысы)» сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы 2026 жылғы 6–8 тамыз аралығында Алматыда өтетін HomeTech & Electra халықаралық салалық көрмесінің іскерлік экожүйесінің бір бөлігі болып табылады. Көрме өңірдегі көпжақты халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталады.

Анықтама үшін

HomeTech & Electra электроника және тұрмыстық техника халықаралық көрмесі алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында өтті. Жоба өндірушілерді, дистрибьюторларды, электроника, цифрлық технологиялар және тұрмыстық техника секторының өкілдерін біріктіреді.

HomeTech & Electra 2025 іскерлік бағдарламасына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Алматы облысының әкімдігі, Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, ШЫҰ елдеріне арналған цифрлық технологиялар платформасының жұмыс комитеті, QazInnovations ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі АҚ, «Самұрық-Қазына» қоры, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты.

Жобаны ұйымдастырушы – «World Silk Way» компаниясы.

Баспасөз қызметі: pr@worldsilkway.com

Закрыть боковую панель